ҚазҰУ-дың  медицина факультетінде ақ халат табыстау рәсімі өтті

25 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина факультетінде THE WHITE COAT CEREMONY – «Ақ халат табыстау рәсімі» өтті. Салтанатты жағдайда  Медицина факультетіне биыл оқуға түскендерді студенттер қатарына қабылдап, ақ халаттар табысталды.

Рәсім жоғары медицина мектебінің тұсаукесерінен басталды. Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ляззат Еркінбаева, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Сәбит Суатай және медицина факультетінің деканы Раушан Исаева студенттерді құттықтап, медициналық білімді игерудің үлкен жауапкершілігін атап өтті.

Іс-шара аясында жоғары медицина мектебінің қызметкерлеріне алғыс хаттар, сондай-ақ медицина және денсаулық сақтау факультетінің үздік студенттеріне атаулы стипендиялар табыс етілді.

Бүгінгі таңда факультетте сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Факультетте халықаралық стандарттар мен жаңа ғылыми жетістіктер негізге алынады. Тәжірибелі оқытушылар білім беру бағдарламаларының барлық деңгейлерінде – бакалавриат, магистратура және докторантурада медицина кадрларын даярлауды жүзеге асырады. Факультет құрылымында екі мектеп жұмыс істейді: Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі және медицина жоғары мектебі, сондай-ақ «Инновациялық Денсаулық сақтау» ғылыми-тәжірибелік орталығы.

Бүгінгі таңда факультетте Түркия, Ауғанстан, Йемен, Иордания, Иран, Ирак, Кения, Пәкістан, Палестина, Сирия, Үндістан, АҚШ, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Түрікменстан студенттері оқиды.

Көшбасшы университет құрамында факультеттің өзіндік клиникалық базалары бар: клиникалық-диагностикалық орталығы, Алматы қаласының № 1 қалалық ауруханасы.

Студенттердің жалпы саны 2000-нан асады, оның ішінде 22 елден 1000-нан астам шетелдік студенттер бар. Факультет түлектері ірі жеке және мемлекеттік медициналық ұйымдарда табысты жұмыс істейді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі