2023 жылдың 5 шілде күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Әл-Фараби кітапханасында өткен салтанатты жиынға университет басшылығы тарапынан Басқарма мүшесі– Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Айдосов Нұржан Сарсынбекұлы, факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар және бітіруші түлектер қатысты.
Іс-шараның бастауында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы түлектерге жолдаған құттықтауы бейнекөрсетілім арқылы трансляцияланды.
Салтанатты жиыннның алғашқы құттықтау сөзі құрметпен Н.С. Айдосов мырзаға берілді. Нұржан Сарсынбекұлы өзінің құттықтау сөзінде түлектерге кәсіби және ғылыми салада табыстар тілеп, олардың бүгінгі жеткен жетістігіне университеттің, тарихы терең философия және саясаттану факультеті ұжымының бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізіліп отырғанын атап өтті және болашаққа бағыт алып отырған мамандарға сәт сапар тіледі.
Шара барысында философия және саясаттану факультетінің деканы қауымдастырылған профессор Б.Б. Мейрбаев ұжымды, биылғы жылдың 413 түлегін және олардың ата-аналарын атаулы күнмен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді. Өз сөзінде: «Факультеттің кәсіби тұрғыда қалыптасуы университеттік білім мен мәдениеттің, қазақстандық философия, мәдениеттану, дінтану әлеуметтану, психология, педагогика, саясаттану ғылымдарының дамуымен бірге жалғасуда. Өзінің қалыптасу барысында факультет қоғамдық өмірдің барлық салалары үшін жоғарғы кәсіби деңгейдегі мамандарды дайындауда. Олар еліміздің ғана емес, әлемнің әр аймақтарында жемісті жұмыстар атқаруда. Ұстаздықтың жарқын нәтижесі шәкірттердің жалынды жетістігі болса керек. Философия және саясаттану факультетінде қоғамдағы сан-салада айтарлықтай жетістікке жетіп, мемлекет дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан түлектер жетерлік! Атап айтсақ Қазақстанның мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Чехиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Шаукенова Зарема Кәукенқызы, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты бас директорының орынбасары Джаманбалаева Шолпан Ерболқызы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Тынымбайұлы, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейсенбаев Елнұр Сабыржанұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Президент әкімшілігінде абыройлы еңбек етіп жатқан Молдағалиев Бауыржан Есқалиұлы, Мемлекеттік қызмет агенттігінің орынбасары Дархан Жазықбаев және т.б. көптеген лауазымды тұлғалар.
Сіздерде кәсіби еңбекте толағай жетістікке қол жеткізесіздер дегенге сенімдіміз» -деп жас мамандарға сенім артты.
Салтанатты шарада бітіруші студенттерге, магистранттарға диплом табысталып, жекелеген түлектерге оқу орнының оқу, біліммен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқаны үшін арнайы алғыс хаттары берілді.
Мерекелік кеш соңында факультет түлектері мен ата-аналары университет ұжымына, факультеттің беделді ғалымдары- ұлағатты ұстаздар қауымына шексіз алғыс білдірді.