ҚазҰУ ғалымдарының монографиясы Англияда жарық көрді

29 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының Intellectual Capital as the Basis of Societal Development in Kazakhstan («Интеллектуалдық капитал Қазақстандағы қоғамдық дамудың негізі ретінде») атты монографиясы Cambridge Scholars Publishing халықаралық кітап баспасынан жарық көрді.

Авторлары – ҚазҰУ оқытушылары Г.Сұлтанбаева, О.Ложникова, А.Головчун, Е.Сұлтанбаева. Саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаеваның жетекшілігімен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспа және электронды БАҚ кафедрасында жүргізілген Қазақстандағы зияткерлік капиталдың толық ауқымды зерттеулеріне баспа мамандары қызығушылық танытып, ағылшын тілінде тегін басып шығарды.

Аталған ғылыми зерттеу жұмыстары екі жыл бойы жүргізілген.

Cambridge Scholars Publishing кітап баспасында денсаулық, өмір және әлеуметтік мәселелер салаларындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялайды. Баспа Ньюкасл-апон Тайндағы (Ұлыбритания) Леди Стивенсон тарихи кітапханасын базасында құрылған. Берлинде (Германия), Барселонада (Испания) және Бейжіңде (Қытай) кеңселері бар.

Зерттеуде зияткерлік ұлтты қалыптастырудағы ақпараттық-коммуникациялық үрдістер және ақпараттық қоғам жағдайында Қазақстанның зияткерлік әлеуетін нығайту мен арттыруға бағытталған технологиялар жан-жақты қарастырылған.

Монография әлеуметтік-гуманитарлық және қоғамдық-саяси ғылымдар саласындағы зерттеушілерге, студенттерге, магистранттарға, сондай-ақ қоғамдық даму мәселелеріне қызығушылық танытатын оқырманға арналған.

Монографиямен төмендегі сілтеме бойынша таныса аласыз:

https://www.cambridgescholars.com/product/978-1-5275-5270-8

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі