ҚазҰУ қызметкерлері біліктілігін арттырды
ҚазҰУ қызметкерлері хатшылық кеңсесінің басшысы Думан Жекенов пен философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев Қазақстанның мемлекеттік жоғары оқу орындары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы – Academic Leadership Institute Executive University Leadership сертификатын алды.
Іс-шара Назарбаев университетінде Қазақстанның 28 ЖОО басшыларының қатысуымен өтті. Модульдің қорытынды отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы қойған білім беру сапасын арттыру жөніндегі міндетті іске асырудың маңыздылығын атап өтті. «Әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте білім беру сапасын арттыру міндеті бірінші кезектегі міндет болып қала береді. Біз ұлттық баяндаманың жобасын дайындадық. Оның мақсаты – біз оқытуды ұйымдастыру бағытынан жеке тұлғаны қалыптастыруға көшуіміз керек», – деді премьер-министрдің орынбасары.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов өз сөзінде бағдарламаны ұйымдастыру үшін Назарбаев университетінің ұжымына алғыс айтып, курстың тәжірибе алмасудағы тиімділігіне тоқталды.
2023 жылдың сәуірінде іске қосылған бағдарлама тоғыз интерактивті модульді қамтыды. Көшбасшылардың әрбір кездесуі университеттегі қайта құрудың әртүрлі процестеріне арналды. Олардың ішінде: университеттердің құндылық бағдарлары, көшбасшылық, университет құрылымы, студенттік мәселелерді шешу және академиялық бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету. Курс аясында ректорлар мен проректорлар жоғары білім саласындағы отандық және халықаралық сарапшылардың, министрліктер өкілдерінің, Парламент депутаттарының дәрістерін тыңдап, топтық жұмыс жасап, университеттерде атқарылған жұмысын атап өтіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Өткен модуль барысында екі күн бойы қатысушылар болашақтағы техникалық, педагогикалық және ұлттық университеттер қандай болуы керек деген сұрақтарға жауап беріп, топтық жобаларын қорғады. Сонымен қатар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасының жобасын талқылады.
Шара қорытындысында 81 ЖОО басшысы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолынан бағдарламаны аяқтағаны туралы сертификат алды. Министр тоғыз модульге белсенді қатысқандары үшін баршаға алғыс айтып, курс барысында жасалған қорытындылар мен идеялар іс жүзінде қолданылатынына сенім білдірді.
Айта кету керек, университет басшыларына арналған бұл курс Academic Leadership Program («Академиялық көшбасшылық бағдарламасы») жобасы аясында ұйымдастырылды.
Executive University Leadership бағдарламасының серіктесі ретінде «Деректер негізінде шешім қабылдау» (Data-driven decision making) тақырыбындағы үшінші модуль ҚазҰУ базасында өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі