ҚазҰУ мен Қазақ ұлттық хореография академиясы бірлескен жобаны аяқтады
Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында «Қазақстанның хореографиялық өнері» энциклопедиясының таныстырылымы өтті. Отандық хореография тарихындағы алғашқы энциклопедиялық басылым – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақ ұлттық хореография академиясының бірлескен жобасы.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасы шеңберінде іске асырылды.
«Қазақстанның хореографиялық өнері» энциклопедиясы мен осы аттас сайтты құру идеясының авторы – басылымның бас редакторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Әсел Мусинова.
Жоба жетекшісі – Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Гүлнар Жұмасейітова. Зерттеу тобына хореография академиясының профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері кірді.
Энциклопедия – Қазақстанның ұлттық хореографиялық өнерінің қалыптасып, даму кезеңдерін саралаған, атап айтқанда 1934 жылдан 2022 жылға дейінгі 90 жылды қамтыған алғашқы ауқымды анықтамалық басылым.
Жобаның мақсаты – ұлттық хореография өнерінің тұтас бейнесін жасау: оның шығу тегін, қалыптасуының негізгі кезеңдерін және мәдениет қайраткерлерінің өмірбаяны, маңызды спектакльдер, шығармашылық ұжымдардың қалыптасу тарихы және түрлі шығармашылық байқаулардағы табыстары арқылы жарқын жетістіктерін көрсету.
Үлкен кітапта және сайтта алғаш рет көрнекті хореографтар мен орындаушылар, композиторлар мен либреттошылар, сценографтар мен хореографиялық өнерді зерттеушілер, ұлттық балеттер мен авторлық спектакльдер, кәсіби шығармашылық ұжымдар, балет байқаулары мен хореографиялық фестивальдар туралы ақпарат жинақталып, жүйеленді.
Энциклопедия қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Фотосуреттер Қазақ ұлттық хореография академиясының Баспасөз қызметінен алынды.