ҚазҰУ ғалымдары Ыстанбұл қаласындағы Исламдық зерттеулер орталығына барды

8 желтоқсан, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің ғалымдары, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Д. Құрманалиева, доценттер М.Р. Балтымова пен М.Б. Аликбаева, сонымен қатар факультет деканының орынбасары А.Ө. Өмірбекова 2023-2025 жылдарға арналған AP19675827 «Әбу Насыр әл-Фарабидің философия тілі және тіл философиясы» және AP19676515 «Әл-Фараби мен түркі ғұламаларының мұрасындағы ізгі адам: компаративистік дискурс»  гранттық қаржыландыру жобалары аясында Ыстанбұл қаласындағы Исламдық зерттеулер орталығында (İSAM - İslam Araştırmaları Merkezi) ғылыми зерттеулер жүргізу үшін іссапарға барды. ISAM түрік және ислам тарихы, мәдениеті мен өркениеті саласындағы ғылыми зерттеулермен айналысады. Осыған байланысты ISAM көптеген ұлттық және халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асырды, сонымен қатар конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырады, кітаптар, журналдар мен энциклопедиялар шығарады. ISAM Таяу Шығыс, Орталық Азия, Балқан және Солтүстік Африканы қамтитын ауқымды ғылыми жобалар арқылы жалпы түркітану және исламтану ғылымына, әсіресе исламтану ғылымына үлкен үлес қосуды мақсат етіп, академиялық қызметін жалғастыруда. Орталық директорының орынбасары Яшар Чолак мырзаға Ислам тарихы бойынша маман ретінде докторанттарға жетекші болу, шақырылған профессор ретінде дәріс оқу, сондай-ақ ISAM орталығында білім алушыларға зерттеу практикасын өткізуге мүмкіндік беру туралы өтініш жолданды. Сонымен қатар Arts and Humanities Citation Index – AHCI (Clarivate Analytics), Scopus (Elsevier) Turkologischer Anzeiger, Index Islamicus and TÜBİTAK ULAKBİM Humanities Index базасына кіретін «Osmanli Arastirmalari - Journal of Ottoman Studies» ISAM журналы туралы мәліметтер алынып, "ҚазҰУ Хабаршысы" журналдарына мақалалар жариялауға ұсыныс берілді.