ҚазҰУ-да еңбек құқығы мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу орнының 90 жылдығына арналған «Еңбек дауларын және әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы өзге де жанжалды жағдайларды шешу тәсілдері: теориялық-практикалық мәселелер» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Бірлескен іс-шараның ұйымдастырушылары: заң факультетінің Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасы, «Zangerler palatasi» заң кеңесшілері палатасы, ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы.
Конференция жұмысына қазақстандық және шетел ғалымдары, судьялар, кәсіподақ басшылары, қоғам қайраткерлері, ҚазҰУ-дың оқытушы-ғалымдары, адвокаттар, прокуратура органдарының, Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының мамандары, бизнес-құрылымдардың өкілдері қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, заң ғылымының докторы, профессор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз сөйлеп, «Конференция тақырыбы өзекті және жұмыс орнындағы мәселелерді шешудің неғұрлым тиімді стратегияларын дамытуда маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті.
Жиында белгілі ғалымдар мен заңгерлер баяндама жасады. Заң ғылымының кандидаты, доцент, Халықаралық ақпараттандыру академиясының (MAIN) академигі Ирина Межимбовская «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың шарасы ретінде білім беру мекемелерінің білім алушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Баяндамада ҚР Конституциялық сотында қаралған еңбек құқығының проблемалары егжей-тегжейлі талданды. Бұл мәселелер әртүрлі болды – зейнетақыны дұрыс бермеу, Семей полигонындағы жарылыстардан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау, жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары. Баяндамашыға көптеген сұрақтар қойылды.
Сондай-ақ конференция тақырыбы бойынша «Zangerler palatasi» заң консультанттары палатасының басқарма төрағасы, медиатор-жаттықтырушы, «Қазақстан медиаторлар палатасы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Эльмира Есімбетова, ҚазҰУ-дың Қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминология кафедрасының меңгерушісі, профессор Рима Жансараева, ҚазҰУ-дың Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, профессор Сәуле Сүлейменова, Әл-Фараби атындағы заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдинов және т.б. сөз сөйледі.
Конференция барысында көптеген мәселелер талқыланды: жеке еңбек дауларының түрлері мен сипаттамалары, құқықтық негіздер, еңбек заңнамасы нормаларын қолдану ерекшеліктері, медиация тәртібімен және сот практикасындағы құқықтың басқа салаларында еңбек дауларын шешу ерекшеліктері, кәсіподақтар қызметінің құқықтық негіздері және т.б.
Декан Дәулет Байдельдинов атап өткендей, қазіргі уақытта еңбек қатынастарын бұрын болған құқықтық тетіктермен реттеу мүмкін емес. «Еңбек даулары үнемі туындайды, өйткені мемлекет экономикасында мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ еңбек заңнамасын жүйелі түрде сақтамайтын жеке кәсіпорындар, жеке жұмыс берушілер бар. Сонымен қатар қызметкерлердің құқықтары қорғалуы керек және бұл рөлді кәсіподақ ұйымдары өз мойнына алады», – деді ҚазҰУ-дың заң факультетінің деканы.
Конференцияда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, сондай-ақ ұжымдық шарттың мазмұнына өзгерістер енгізу бойынша нақты ұсыныстар қаралды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі