ҚазҰУ-да әдебиеттану мәселелеріне арналған конференция өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Профессор Ж.Дәдебаев және әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қатысып, көрнекті ғалымның әдебиеттану саласындағы елеулі еңбегін атап өтті.
Ғылыми басқосуға сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлары, білім алушы жастары қатысты.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған арнайы құттықтау хатын табыстап, игі тілегін білдірді.
«Жанғара Дәдебайұлы, Сізді 75 мерейлі жасыңызбен құттықтаймын! Қалың жұртшылық сізді көрнекті ғалым, белгілі әдебиет зерттеушісі ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ Абайтану ілімін жаңа белеске көтерген бірден-бір ғалым ретінде таниды. Сіздің «Абайтану антологиясы» және «Абайдың кісілік кодексі» атты туындыларыңыз ұлт руханиятының қосылған құнды дүние. Бүгінде ұстаз ретінде білікті шәкірттерді тәрбиелеудесіз. Еңбегіңіз әрдайым жемісті болсын», - делінген Президенттің құттықтау хатында.
Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын оқып берді.
«Құрметті Жанғара Дәдебайұлы! Сіз қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымсыз. Мазмұнды монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарын, жазып, ғылыми ортада мойындалдыңыз. Зерделі ғалым, ұлағатты ұстаз, ретінде өзіндік мектеп қалыптастырып, ел зиялысына айналдыңыз» – делінген министр құттықтауында.
ҚазҰУ Ректоры Жансейіт Түймебаев профессор Жанғара Дәдебаевтың ғылыми-педагогикалық жолы қарашаңырақ ҚазҰУ-мен байланысты екенін айтып, ғалымның университеттің дамуына, әдебиеттану ғылымына сіңірген елеулі еңбегіне тоқталды.
«Жанғара Дәдебайұлы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің түлегі. Университетімізде әр жылдары ассистент, аспирант, аға оқытушы, доцент, профессор, факультет деканы, кафедра меңгерушісі болды. ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін де абыроймен атқарды.
Жанғара Дәдебайұлы 900-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектердің авторы.Жеке авторлығымен 36 кітап, тең авторлар ұжымы құрамында 21 оқулық, жинақ, монографиялары жарық көрді.
Көрнекті ғалымның ғылым жолындағы басты тақырыбы – Ұлы Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығы. Осы бағытта көп ізденіп, қазақ әдебиеттану ғылымына, қазақ әдеби сынына өлшеусіз үлес қосты», – деп атап өтті ректор.
Конференция барысында белгілі ғалымдар Жанғара Дәдебаевтың әдебиеттану ғылымындағы еңбектерін талдап, ой-пікірлерімен бөлісті. Ғалымның әріптестері мен шәкірттері сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін айтты.
Жиын соңында профессор Жанғара Дәдебайұлының «Түрік дүниесінің дүлдүл тұлғалары» жинағы мен ҚазҰУ жанындағы «Қазақ университеті» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрген ғалымның ғылыми еңбек жолына арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі