ҚазҰУ Қытай университеттерімен меморандумға қол қойды

8 желтоқсан, 2023

«Әл-Фараби» кітапханасында өткен «Қытай университеттерінің көрмесі» аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың екі жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Халықаралық келісім негізінде ҚазҰУ Наньцзин өнер университетімен және Ухань спорт университетімен қос дипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, ортақ конференциялар мен симпозиумдар өткізетін болады.

Меморандум академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бакалавриат және магистратурада оқитын студенттермен алмасуға, оқытушылар үшін ғылыми тағылымдамадан өтуге, ғылыми бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізуге, ғылыми және академиялық еңбектерді бірлесіп басып шығаруға мүмкіндік береді.

Қол қою рәсіміне ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев, Наньцзин өнер университетінің вице-президенті Ли Тонг және Ухань спорт университетінің Президенті Лю Ванган қатысты.

Айта кетейік бүгінге дейін ҚазҰУ Қытайдың 50-ден астам ЖОО-ларымен байланыс орнатқан. Олардың ішінде Бейжің, Ланьчжоу, Шыңжаң, Шанхай және басқа да университеттер бар. ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Бүгінде оқу ордасында Конфуций институты, шығыстану факультеті және Қытайтану кафедрасы табысты жұмыс істейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі