ЖҮРГЕНОВ АПТАЛЫҒЫ

7 желтоқсан, 2023

2023 жылдың 4-8 желтоқсанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Жүргенов апталығын» өткізді. Аталған іс-шараның бастамашысы қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа Берікбайқызы Темірболат болды.

2023 жылғы 4 желтоқсанда «Жүргенов апталығы» аясында филология факультетінің студенттері, магистранттары мен докторанттарына Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Т. Жүргенов жүрген ізбенен» экскурсиясы ұйымдастырылды. Оның барысында білім алушылар Академия тарихымен, экспонаттармен, қолжазбалармен, кітаптармен, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің өмірі мен қызметіне байланысты деректі материалдармен танысты. Тәрбие жұмысы департаментінің бастығы Сағынай Нұрлан, кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің деканы Байділда Бауыржан Нұрбекұлы болашақ филологтарға фотосуреттерді қалай түсіру керектігін көрсетіп, Академия факультеттерінің тарихы, кескіндеме өнері, суретшінің шеберлігі туралы айтып берді. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Садықова Айгүл Егінбайқызы Темірбек Қараұлы Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған бұрышын көрсетіп, оның өмірбаянының негізгі және ең қызықты фактілері, Қазақстанның мәдениетін, білімін дамытудағы рөлі туралы айтып берді. Академияға барған кезде студенттер «Актерлік шеберлік» пәнінің сабағына қатысты.

2023 жылдың 5 желтоқсанында қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы «Жүргеновтану дәрістерін» өткізді. Бұл іс-шараның аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қоғамдық қордың төрағасы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сәпен Әбдіқадырұлы Аңсат; «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаев; Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиев, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы сөз сөйледі. Кездесудің модераторы филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы болды. Дәріс барысында студенттерге Т.Қ. Жүргеновтің өмірі туралы фильм көрсетілді. Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаев дәріс тыңдаушыларына өзінің «Комиссар Жүргенов» романын сыйлады. Филология факультетінің 3-4 курс студенттері Р. Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» пьесасы бойынша шағын театрландырылған қойылым көрсетті. Дәріс соңында қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Б. Темірболат өз баяндамасында Т.Қ. Жүргеновтің көркем шығармаларын – «Аудармашының қиялы» өлеңін, «Меруерт» әңгімесін зерделеу қажеттігін атап өтті. Темірбек Қараұлының әдеби-публицистикалық мұрасын қандай аспектілерде қарастыру керектігін көрсетті.

2023 жылғы 7 желтоқсанда қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы Т.Қ. Жүргеновтің шығармашылығы туралы «Темірбек Жүргенов – түркі әлемінің көрнекті тұлғасы» тақырыбында эссе байқауының қорытындысын шығарды. Оған Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері мен орта мектептерінің оқушылары қатысты. Байқауға 35 жұмыс келіп түсті. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

«Жүргенов апталығын» ұйымдастыру мен өткізуге кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор А.Б. Темірболат, ф.ғ.к., профессор м.а. Б.С. Сарбасов, PhD, доцент м.а. Г.Р. Даутова, ф.ғ.к. С.Б. Тілеубаев, ф.ғ.к. Е.К. Карбозов, аға оқытушы Ш.А. Шортанбай белсенді қатысты.