«Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» тақырыбындағы дөңгелек үстел

7 желтоқсан, 2023

2023 жылғы 7 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінде педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы 3 курс студенттерінің ұйымдастыруымен «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты дөңгелек үстел өтті.

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған бұл жиынға 1986 жылғы кеңестік империяның іргесін шайқалтқан қазақ жастарының толқуына қатысушылар –  Жұмажан Айжарықова, Серікбек Қалиев, Сажида Саттарова арнайы шақыртылды. Кеш қонақтары қазақ жастарының толқулары туралы естеліктерімен бөлісті, желтоқсан оқиғаларының себептері мен салдарына тоқталып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.  

Дөңгелек үстел барысында «Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздік бастауы» тақырыбына баяндама жасалды, тәуелсіздік тарихы туралы видеоролик көрсетілді. Кеш соңында патриоттық  өлеңдер оқылып, «Желтоқсан желі» әні хормен шырқалды.

Дөңгелек үстел жұмысын педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі Н.С.Әлқожаева қорытындылады: «Желтоқсан оқиғасы – ұлт рухының биік белесі. Ұлттық тарихымызда елеулі орын алған осы төңкеріске қатысып, тәуелсіздік үшін өз үлестеріңізді қосқан Сіздерге студент жастар атынан үлкен алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және ұзақ өмір тілеймін. Еліміздің ертеңі жарқын болып, тәуелсіз еліміз өркендей берсін!»,- деп аяқтады ол сөзін.