Тәуелсіз елдің жастарын тәрбиелеудегі серіктестік

20 қазан, 2023

2023 жылғы 20 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң Философия және саясаттану факультетінде Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының ұйымдастыруымен Республика күніне арналған «Ел бірлігі – ел теңдігі» тақырыбына сараптамалық кездесу өтті.

Егемендік пен тәуелсіздік, бірлік пен  теңдік секілді ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараға Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының өкілдері (Ж.Б.Қоңырова, Ф.Т.Саметова),  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушылары (А.Қ.Дүйсенбаев, А.Б.Мукашева, Э.Т.Баярыстанова, Г.А.Қырғызхан) мен білім алушылары және ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының басшылары (Н.М.Накатаев, С.А.Саттарова) мен курсанттары  қатысты.  

Кездесу модераторы Философия және саясаттану факультетінің деканы Б.Б. Мейірбаев 25 қазан Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды – 1990 жылдың 25 қазанында мемлекетіміз өзінің егемендігі туралы Декларация қабылдады, өз алдына дербес ел ретінде шекарасын шегендеп, рәміздерін белгілеп, мемлекеттік құжаттарын рәсімдеді.

Одан әрі сөз спикерлерге берілді:

1) Д.Д.Байдалиев, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к. («Ел бірлігі мен ұлт теңдігі тарих пен уақыт контекстінде»); 

2) А.Қ.Жомартов  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты («Еліміздің спорт саласындағы жетістіктері – тәуелсіз Қазақстанның жетістігі»); 

3) Д. Нұрмұханбет ҚР ҰҚК Шекара Академиясының 2 курс курсанты («Мен – Отанымның бақытты ұлымын»). 

Негізгі баяндамалар тыңдалып, талқыланған соң кездесуге қатысушылар пікір алмасуға көшті. 

ҚР ҰҚК Шекара академиясының оқытушысы подколковник Н.М.Нақатаев ел қауіпсіздігін сақтау және нығайту шекарашылардың маңызды міндеті екенін айта отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі фактор – елдің бірлігі екендігін атап көрсетті.

Кездесуді Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі  Н.С.Әлқожаева қорытындылады. «Осы уақытқа дейін мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеу жолында келеді. Тәуелсіздігіміздің тамырын одан әрі тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастарымыздың қолында десек, сол жастардың саналы, білімді, өнегелі болып жетілуі үшін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, отбасы мен оқу орындары бірлескен серіктестікте әрекет жасауы қажет. Бүгінгі кездесу осындай биік мақсаттың орындалуына жасалған қадамдардың бірі деп ойлаймын. Республика күні құтты болсын!  Қазақстанның тұрақты дамуы жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!»- деді ол. 

Отырыс соңында орындалған Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйі кездесуге ерекше эмоциялық әсер берді.