ҚазҰУ-да тіл білімі және цифрлық даму мәселелері талқыланды

14 желтоқсан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Цифрлық даму дәуіріндегі ғылыми зерттеулер мен білім беру саясаты» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Ауқымды шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті мен Түркітану және алтаистика ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.  Іс-шараға қатысушылар мен қонақтар «Егеменді еліміздің құрылу жылдарындағы қазақ филологиясы: білім және ғылым» атты кітап көрмесімен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев шараны өзінің құттықтау сөзімен бастады.  Дөңгелек үстелге жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, ректор Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ерекше мән беріп отырғанын айтты. Бүгінде ұйымға мүше елдерде әлемнің үздік университеттерімен цифрлық технологияларды бірлесіп дамыту, ғылыми іс-шаралар өткізу, тәжірибе алмасу шаралары іске асырылуда.

«Қазіргі таңда цифрландыру ғылымды дамытудың негізгі тетігіне айналды. Біздің оқу орны зерттеу университеті ретінде ғылымның барлық саласында цифрлық трансформацияны тиімді жүзеге асыруы керек. Осыған орай, ҚазҰУ білім беру және ғылыми-зерттеу қызметтерін әлемдік нарыққа бейімдеу шараларын қолға алуда», – деді университет басшысы Жансейіт Түймебаев. Сондай-ақ ректор конференцияның Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Нұрсұлу Шәймерденованың мерейтойы аясында өтіп жатқанына тоқталып, көрнекті ғалымды ұжым атынан құттықтады.

Сонымен қатар дөңгелек үстелде филология факультетінің деканы, профессор Баян Жолдасбекова және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі – ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнура Бөрібаева, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы Ардақ Бейсенбай сөз сөйледі.

 

Спикерлер дөңгелек үстелде өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, «Қазақстан орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары» қоғамдық бірлестігінің құрметті президенті Элеонора Сүлейменова өз баяндамасын «Тіл және цифрландыру: филологтарға нені үйретеміз?» тақырыбына арнады. «Жасанды интеллект адам жасаған сөздіктермен бірдей сөздіктер жасайды, тіпті көне жазба ескерткіштерді де талдайды, әртүрлі жанрдағы мәтіндерді, соның ішінде кандидаттық және докторлық диссертацияларды жасайды, – деп атап өтті спикер. – ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап тіл білімі жаратылыстану-математикалық пәндерге қарай қарқынды дамып келеді. Бұл үдерісте тілді цифрландыру, кейіннен оны зерттеу әдістемесінің өзгеруі үлкен рөл атқарады».

Форумның екінші күні семинар-практикум форматында өтеді деп жоспарлануда. «Өткен және қазіргі кезеңдегі ғылыми жобалар» тақырыбындағы негізгі баяндаманы Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Нұрсұлу Шәймерденова жасайды.

Дөңгелек үстел барысында талқыланатын негізгі тақырыптар: цифрлық дамудың ғылыми зерттеулерге әсері, зерттеулерді қолдау үшін білім беру саясатына қажетті өзгерістер мен дәстүрлі зерттеу әдістерінен цифрлық әдістерге көшудегі білім беру саясатының салдары, ғылыми зерттеулерді қолдау үшін қажетті ресурстар мен инфрақұрылым мәселелері.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі