Жүргенов жолы жастардың қойылымында

8 желтоқсан, 2023

Филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 4-8 желтоқсан аралығында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығына арналған ЖҮРГЕНОВ АПТАЛЫҒЫ аясында Жүргеновтану дәрістері мен Т.Қ. Жүргенов туралы деректі фильмді көру және талқылау шаралары өткізілді. Атаулы шара соңында Филология факультетінің 1-3 курс студенттерінен құралған театр өнеріне қызығушы жастар Т.Жүргеновтің өмір жолына арналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың “Нарком Жүргенов” тарихи драмасынан үзінді сахналады. Қойылымның алғашқы бөлімінде Темірбек Жүргеновтің ұлт үшін жасаған ұлы істерімен таныстырды. Екінші сахнада жары Дәмешпен айтқан әңгімесінен өмірінің соңғы жылдарында жабылған жалған жаланың құрбаны болғанын көреміз. Студенттер дайындаған бұл қойылым көпшілікті тәнті етті.