ҚазҰУ ғалымы «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпазы атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факультетінің 1-курс докторанты Гүлзат Кайранова «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында жеңіске жетіп, грант иегері атанды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын өткізілетін байқауда 30 жеңімпазға 3 млн теңгеден сыйақы табысталды. Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің өкілдері, көрнекті қайраткерлер қатысты.
Грант иегерлерін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, үздік жоба авторларына 3 млн теңгеден табыстады.
Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған жастарға беріледі. Бұл жолы ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, кәсіпкерлік және медиа саласындағы мыңнан астам жоба авторы сайысқа қатысты. Өтінімдер қыркүйек пен қараша айлары аралығында қабылданған. Дәстүрлі іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтті.
Байқауда ҚазҰУ-дың 1-курс докторанты Гүлзат Кайранова «Қарапайым қосжапырақты жабайы өсетін халықтық дәрілік өсімдігінің биологиялық профилі және биоактивті әлеуеті» ғылыми жобасын ұсынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі