Жоғары оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындардың өзара тиімді әрекеттесуі

4 желтоқсан, 2023

Кәсіби құзіреттілікті тиімді дамыту үшін студенттер теориялық ұстанымдарды және инновациялық технологияларды іс жүзінде қолдануды көре алатын өндіріспен байланыс үлкен маңызға ие.

Жоғары оқу орындары мен өндіріс орындарының өзара тығыз байланысы мамандарды сапалы дайындауды қамтамасыз етеді. Бірлескен өзара іс-қимылдың көптеген формалары бар: тәжірибе, өндірісте ғылыми жұмыстарды жүргізу, бірлескен семинарлар мен конференциялар. Экскурсия өндіріспен ынтымақтастықтың ең жиі қолданылатын және сонымен бірге тиімді түрі болып табылады.

2023 жылдың 4 желтоқсанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің «Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы» кафедрасының оқытушылары Наренова С.М. және Р.А. Искакова Алматы қаласындағы және Алматы облысы «ҚазСтандарт» филиалына экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия «Метрология және стандарттау» пәні аясында «6В05301-Химия» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 3 курс студенттеріне арналған. Студенттер уақыт, қысым, ұзындық және т.б. эталондары мен танысып, эталондардың сақтау шарттарымен және олар арқылы түзету тәртібімен танысты.

«ҚазСтандарт» кәсіпорнының міндеттері мен функциялары, стандарттау жүйесін дамытудың келешегі мен мәселелері туралы филиалдың бас маманы Г.А.Жанабаева айтып берді. Филиал басшысы мен қызметкерлері кәсіпорынның тағылымдамадан өтушілері мен қызметкерлерінің арасынан химия және химиялық технология факультетінің түлектерін көретініне сенім білдірді.

 

Физикалық химия, катализ және мұнай-химия кафедрасының доцентінің м.а.: Наренова С. М., Искакова Р. А.