Ректор ҚазҰУ базасындағы ҒЗИ басшыларымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ базасындағы ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесу өткізді.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев университеттің ғылыми әлеуетін арттыруда ашық форматтағы кездесулердің маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ өз сөзінде ректор ғалымдармен ай сайын дәстүрлі түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жиын өткізіп тұратынын жеткізді.
«Өткен жылы Үкімет қаулысымен университетке зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл университет ғалымдарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз оқу ордасындағы ғылымды дамытып, жаңадан инновациялық жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Сондай-ақ жас зерттеушілер қатарын қалыптастыру үшін студенттерді ғылыми жұмыстарға белсенді қатыстырып, ынталандырумыз керек», – деді ректор.
Кездесу барысында университет тарапынан ғалымдарға көрсетілетін қолдау мәселелері қаралып, зерттеу барысында туындайтын кедергілердің шешу жолдары талқыланды.
Өз кезегінде кездесуге қатысқан ҒЗИ басшылары сөз сөйлеп, зерттеу тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ өз жұмыстарының нәтижелері туралы айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі