ҚХР білім Вице-министрі ҚазҰУ-ға келді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапарымен келген Қытай Халық Республикасының білім вице-министрі Сун Яо бастаған делегациямен оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Жүздесуге ҚХР Білім министрлігі жанындағы Пекин ынтымақтастық және тілдерді даярлау орталығының директоры Ма Цзяньфэй, Ланчжоу университетінің вице-президенті Гоу Сяохуа, Солтүстік-батыс политехникалық университетінің вице-президенті Чэнь Цзянью, Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің халықаралық ынтымақтастық және алмасу бөлімінің бастығы Луй Цзяньцин және т.б. лауазымды тұлғалар қатысты.
Жансейіт Түймебаев Сун Яо мырзаға оқу ордасына арнайы келгені үшін алғыс білдіріп, бүгінгі кездесу ҚазҰУ мен Қытай ЖОО-ларымен ғылым мен білім бағыты бойынша серіктестікті дамытуға серпін беретінін айтты.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс күннен-күнге артып келеді. Оған дәлел – екі мемлекет басшыларының жиі кездесуі. Соңғы уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытай университеттерімен байланысты жандандырып келеді. Жақында білім ордасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын аштық. Бұл үлкен бастама болды. Себебі бұл Қытай ЖОО-ларының Қазақстанда ашылған алғашқы филиалы. Бүгінгі кездесу ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Алдағы уақытта ҚазҰУ базасында ҚазҰУ–Қытай ғылыми орталығын құру туралы ұсынысымды жеткізгім келеді. Орталық техникалық бағытта ғылыми зерттеулер жүргізуге және ҚазҰУ-дағы дайын инновациялық жобаларды Қытай арқылы өндіріске шығаруға мүмкіндік береді деп санаймын», – деді ректор.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының білім вице-министрі Сун Яо ілтипат білдіргені үшін университет басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«ҚазҰУ-мен жақсы серіктес болатынымызға сенімдімін. Болашақта ҚазҰУ-дың өзге де университеттермен әріптес болуына көмектесеміз. Ланчжоу университеті химия саласы бойынша әлемде 50-орын алады. Сондықтан Ланчжоу университетімен бірлесіп докторанттарды дайындасаңыздар өте жақсы болар еді. Сонымен қатар докторанттарды даярлауда ҚазҰУ Ланчжоу университетімен және Солтүстік-батыс политехникалық университетімен академиялық ұтқырлық бойынша оқытушылар алмасу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын», – деді вице-министр.
Кездесуде тараптар аталған ұсыныстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Жүздесуде ҚХР-ның Алматы қаласындағы Бас консул міндетін атқарушы Чжун Хуа ханым да сөз сөйледі.
Сонымен қатар келіссөз барысында қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ланчжоу университетінің вице-президенті Гоу Сяохуамен және ҚХР Білім министрлігі жанындағы Пекин ынтымақтастық және тілдерді даярлау орталығының директоры Ма Цзяньфэймен келісімге қол қойды.
Университетке жұмыс сапары барысында Сун Яо бастаған делегация жуырда ашылған Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын аралап, студенттермен әңгімелесті. Сондай-ақ Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институтының қызметімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі