ҚазҰУ тарихшысы Президенттің Алғыс хатымен марапатталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихшы ғалымы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Күлғазира Балтабаева саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды отырысына қатысты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік комиссияның және оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысы қорытындыланды.
ҚазҰУ ғалымы мемлекеттік комиссия мүшесі ретінде тарихи құжаттармен жұмыс істеп, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты деректерді анықтауға атсалысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізді.
Комиссия, ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды. Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» белгісі алынып тасталды. Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді. Арнаулы мемлекеттік архивтерден екі жыл ішінде осы орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді.
Кездесу барысында ғалым, тарихшы Күлғазира Балтабаева комиссия жұмысына белсенді қатысқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі