Байқау жеңімпаздары анықталды

29 желтоқсан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай, ҚазҰУ логотипін жаңартуға арналған дизайнерлер, магистранттар, студенттер арасындағы байқау мәреге жетті.

2024 жылдың 15 қаңтарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толады.

Осыған орай, 2023 жылдың қараша айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз логотипін жаңарту үшін  республикалық байқау жариялаған еді. Ұйымдастыру алқасына 80-нен астам үміткер қатысып, өз жобаларын ұсынды.

Университет басшылығы мен белгілі дизайнерлерден құралған комиссия мүшелері байқауға келіп түскен жұмыстарды сарапқа сала келе, жеңімпаздарды анықтады.

Бірінші орын алған жұмыс байқау комиссиясына «Farabi» лақап атымен жіберілген. Суретші-дизайнер аты-жөнін жарияламауды сұрап, жобасы жеңімпаз атанған жағдайда жүлде қорынан бас тартатынын жеткізген. Сондай-ақ оқу орнының түлегі ретінде университеттің 90 жылдығына айрықша тарту жасағысы келетінін, авторлық құқығын университетке сыйлайтынын атап көрсеткен. Қазылар алқасы бірауыздан осы жобаны үздік деп таныды. 2-орынды дизайнер Ерболат Кісімісов, 3-орынды дизайнер Бейсен Серікбай иеленді.

 

Бұдан бөлек, белсенділік танытқан төрт қатысушы ынталандыру сыйлығына лайық деп табылды. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлық  пен сертификаттар тапсырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі