Ұлттық әншілік өнерді көбінесе ерлерге тән сал-серілік дәстүрі деп ұғуға бейімбіз, алайда қазақтың ән антологиясы тек осымен шектелмейді. Тұрмыстық-толғаулы әндердің дені қыздардың әншілік дәстүрінен өрбиді. Қыздар әншілігіндегі айрықша интонация негізінен созыла айтылатын сазды лебізбен өріледі, яғни репертуар негізінен лирикалық әндерден құралады десек еш қателеспейміз. Қыз шырқауындағы мелодиялық дамудың да өз жосығы бар.
Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ-5) сәйкес Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, қолдау мақсатында үшін елімізде іс-шаралар өткізіліп отырады. Осыған орай, Халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасында "Даминосик" өнер байқауы өтті. Оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжі құқықтану мамандығының 1-курс білім алушысы Ислам Анель қатысып, "Қазағым менің осындай" әнімен І-орын алды. Ислам Анель-кішкентай кезінен өнерде жүр, болашағында ән мен заңгерлік мамандықты қатар алып жүргісі келеді. Қазақ қыздарының өнерлі, тәрбиелі және білімді екенін атап өткіміз келеді.