«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» байқауының жеңімпазы - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биотехнология кафедрасының аға оқытушысы Бауенова Меруерт Өмірбайқызы.

28 желтоқсан, 2023

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің жетекшілігімен республикалық конкурстық комиссия оқытушылар арасынан үздіктерді таңдады. 43 қазақстандық ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алады. Ақшалай ынталандырудан басқа, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздары төсбелгіге ие болады.Конкурс жыл сайын оқытушы мамандығының беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамуға ынталандыру мақсатында өткізіледі.

Байқауға еліміздің 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысты. Конкурста электрондық оқу ресурстарын, материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдарда ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т. б. көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ үміткерді оқыту сапасы, оның бакалавриат, магистратура және докторантурада кадрлар даярлау жөніндегі жұмысы бағаланды.

Әл-Фараби ҚазҰУ биотехнология кафедрасының аға оқытушысы Бауенова Меруерт Өмірбайқызы «Үздік ЖОО оқытушысы-2023» байқауының жеңімпазы  атанды. Жеңімпаздар шетелдік үздік университеттерде тағылымдамадан өтуге, біліктілігін арттыруға және ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға грант алды. Бауенова М.О. кафедрада жақсы оқытушы және жас ғалым ретінде танылған, ғылыми жобаның жетекшісі және шетелдік ғалымдармен бірге импакт-факторы жоғары, Scopus және Web of Science мәліметтер базасы рецензияланатын  рейтингі жоғары басылымдарда жарияланған15-тен астам мақалалардың авторы, h-index: 6. Кафедра ұжымы Меруерт Өмірбайқызын 2023 жылдың үздік оқытушысы атағымен құттықтап, алға қойған мақсаттары мен жобаларының сәтті жүзеге асыруда сәттілік тілейді.