ҚазҰУ ғалымдары «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауында жеңіске жетті

26 желтоқсан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған  дәстүрлі «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауының жеңімпаздары атанды.

Министрлік еліміздің 50 үздік ғалымына ғылымдағы үздік нәтижелері үшін арнайы сыйлық берді. ҚазҰУ-дың үш ғалымы «Жаратылыстану ғылымдары» және «Гуманитарлық ғылымдар және өнер» бағыттары бойынша жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Үздік ғылыми қызметкер атанғандардың бірі – тарих ғылымының докторы, профессор, Археология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Мадияр Елеуов.

Мадияр Елеуұлы Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында тарихи, мәдени ескерткіштерді есепке алу, қорғау және қалпына келтіру бойынша ауқымды зерттеулер жүргізді. Тарихшы ғалым әртүрлі тарихи кезеңдерде сақталған 3000-ға жуық археологиялық ескерткіштерді ашты және оларды ғылыми айналымға енгізді.

М.Елеуовтің басшылығымен Қышқала қалашығы орнында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде алынған жәдігерлер Сырдария ауданының тарихи-өлкетану мұражайына және тарих факультетінің музей қорына тапсырылды.

Мадияр Елеуов Қызылорда облысының ескерткіштерді қорғау ұйымының тең төрағасы, «Археология» ЖШС-ін басқарады, сондай-ақ ортағасырлық Сарайшық қаласының қазбаларында ғылыми маман ретінде жұмыс істейді.

«Үздік ғылыми қызметкер-2023» байқауының тағы бір жеңімпазы – физика-техникалық факультетінің Қатты дене физикасы және бейсызық физика кафедрасының профессоры Гаухар Мұсабек. Ғалым жартылай өткізгіш наноматериалдарды алу, зерттеу және қолдану саласындағы маман.

Гаухар Қалижанқызы ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Соңғы бес жыл ішінде «Қазіргі заманғы нанофотоника мен сенсорика үшін көміртекті нанобөлшектермен безендірілген кремний наноқұрылымдарын алудың ғылыми-технологиялық тәсілдерін әзірлеу және олардың қасиеттерін зерттеу» жобасын басқарды.

Ғалым мемлекет үшін басты ғылыми бағыттар болып саналатын «Энергетика және машина жасау», «Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер», «Табиғи ресурстарды, оның ішінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, геология, қайта өңдеу» тақырыбындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің белсенді қатысушысы.

Үшінші үздік ғылыми қызметкер – PhD докторы, Механика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ержан Беляев. Ол «Континенттік климаттық жағдайларда фазалық ауысу материалдарын пайдалана отырып, күн жылу энергиясын каскадты сақтаудың тиімділігін зерттеу» ғылыми жобасының жетекшісі. Сонымен қатар ғалым Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетімен бірлескен зерттеулер жүргізеді. Ғалым «Жылу сорғысының негізінде күн-жылу арқылы тұщыландыру қондырғысын әзірлеу» жобасының қатысушысы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы үздік ғылыми қызметкерлерін құттықтайды!