ТДМ-3: ҚазҰУ-да «Денсаулық» спартакиадасы басталды

9 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушылар мен қызметкерлердің қатысуымен «Денсаулық» спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биыл 50-ші рет өткізіліп отырған спорттық шара білім ордасының 90 жылдық мерейтойына арналды.

Спартакиаданы жыл сайын ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы спорт клубымен бірлесіп өткізіп келеді. Жарыс соңында жеңімпаздар анықталып, кәсіподақ қатысушыларға грамота және сыйлықтар табыстайды.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген кәсіподақ төрағасы Талғат Мекебаев «Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану – зияткерлік еңбек адамдарына физикалық тұрғыда дамуға көмектеседі. Жарысқа тек факультеттер ғана емес, сонымен қатар университет департаменттерінен құрылған ректорат құрамасы, Әл-Фараби ғылыми кітапханасы, Әскери кафедра және басқа бөлімшелердің командалары кіретін құрам қатысуда», – деп атап өтті.

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Сәбит Суатай қатысушыларға қолдау көрсетіп, спартакиаданың мақсаты ұжымды жігерлендіріп, денсаулықты нығайту екенін айтты. «Мұндай іс-шаралар университеттің БҰҰ-ның тұрақты дамуының үшінші мақсаты – салауатты өмір салтын қамтамасыз етуге ұмтылатынын көрсетеді», – деді проректор.

Жарыс бағдарламасында шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, бадминтон, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлері қамтылған.

Сайыстың бірінші күнінде бадминтоннан жеңімпаздар анықталды. Үшінші орынды химия және химиялық технология факультетінің командасы иеленді. Тұғырдың екінші сатысын заң факультеті алса, бірінші орынды ректорат құрамасы жеңіп алды. Спартакиада 18 қаңтарға дейін жалғасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі