ҚазҰУ-да 90 жылдық мерейтойға дайындық барысы талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда университеттің 90 жылдық мерейтойына дайындық барысы мен университеттің жаңа логотипін бекіту және басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.
Жиында білім ордасының 90 жылдық мерейтойына дайындық барысы бойынша баяндама жасаған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Сәбит Суатай мерейтойды атап өту үш кезеңнен тұратынына тоқталды.
«Бірінші кезең – ағымдағы жылдың 15 қаңтарында химия және химиялық технология факультетінде ғылыми зертхананың ашылуы, мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты. Екінші кезеңде мерейтойлық жыл аясында университет деңгейінде және барлық факультеттерде ай сайын ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Үшінші кезең – 90 жылдықты қорытындылау», – деді проректор. С.Суатай сонымен қатар осы мерейлі жыл аясында үш жатақхана, үш оқу ғимаратының құрылысы жүргізілетінін атап өтіп, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының күрделі жөндеу жұмыстарын алдағы күзде аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.
ҚазҰУ-дың Директорлар кеңесінің корпоративтік хатшысы Қарлығаш Үсейінова университеттің жаңа логотипін бекіту бойынша баяндама жасады. Ол 2023 жылдың қараша айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз логотипін жаңартуға арналған байқау жарияланып, оған 80-нен астам үміткер өз жобаларын ұсынғанын айтты. Нәтижесінде комиссия мүшелері үздік деп тапқан жоба Ғылыми кеңеске ұсынылды. Барша кеңес мүшелері берген ашық дауыс негізінде шешім қабылданып, ҚазҰУ-дың жаңартылған логотипі бекітілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі