ҚазҰУ-дың жаңа логотипі бекітілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің кезекті отырысында білім ордасының 90 жылдығына орай, ҚазҰУ-дың жаңартылған логотипі бекітілді. Шешім барша Ғылыми кеңес мүшелерінің ашық дауыс беруі нәтижесінде жүзеге асты.
«Білім ордасының жаңа таңбасында университеттің құрылған жылы көрсетіліп, әртүрлі түстер ерекше үйлесім тапқан. Тау бейнеленген таңба философиялық мәнге толы әрі әрбір кескін ұтымды пайдаланылған. Бұл университеттің мақсаты мен бағытын көрсететін ерекше нышандық белгі», – деді университеттің жаңа логотипін бекіту бойынша баяндама жасаған ҚазҰУ Директорлар кеңесінің корпоративтік хатшысы Қарлығаш Үсейінова.
Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толады. Осыған орай, 2023 жылдың қараша айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз логотипін жаңартуға арналған республикалық дизайнерлер, магистранттар, студенттер арасында байқау жариялаған болатын. Оған 80-нен астам үміткер қатысып, өз жобаларын ұсынды.
Университет басшылығы мен белгілі дизайнерлерден құралған комиссия мүшелері байқауға келіп түскен жұмыстарды сарапқа салып, жеңімпаздарды анықтады. Бірінші орын алған жұмыс байқау комиссиясына «Farabi» лақап атымен жіберілген. Суретші-дизайнер аты-жөнін жарияламауды сұрап, жобасы жеңімпаз атанған жағдайда жүлде қорынан бас тартатынын жеткізген. Сондай-ақ оқу орнының түлегі ретінде университеттің 90 жылдығына айрықша тарту жасағысы келетінін, авторлық құқығын университетке сыйлайтынын атап көрсеткен. Қазылар алқасы бірауыздан осы жобаны үздік деп таныды. Нәтижесінде байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлық пен сертификаттар тапсырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі