ҚазҰУ ректоры түркітанушы ғалымдармен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу ордасына арнайы келген бірқатар түркітанушы ғалымдармен кездесті.
Делегация құрамында филология ғылымының докторы, профессор Николай Егоров, филология ғылымының докторы, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Дусмамат Құлмаматов, тарих ғылымының кандидаты, РҒА Шығыстану институты Шығыс тарихы бөлімінің меңгерушісі Александр Васильев, ф.ғ.д., «Crede Experto: көлік, қоғам, білім, тіл» халықаралық ақпараттық-сараптамалық журналының ғылыми-редакциялық алқасының мүшесі Иннокентий Новгородов бар.
Әңгіме барысында еліміздегі және әлемдегі түркітану саласының дамуы сөз болып, түркологияның өзекті мәселелері талқыланды.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға ілтипат білдіре отырып, түркологияның өзекті мәселелері бойынша ҚазҰУ ғалымдары ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде университетте Түркітану және тіл теориясы кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар оқу ордасының базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазіргі таңда институт мамандары сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды сараптап, кеңінен зерттеу жұмыстарын қолға алды.
Түркітанушы шетелдік ғалымдар ҚазҰУ-дың зор әлеуетін ерекше атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін танытты. Сондай-ақ түркітанушы ғалымдар түркі, башқұрт және саха тілдерінде ортақ сөздік жасауды ұсынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі