ҚазҰУ-да химиялық ғылыми-өндірістік орталығы іске қосылды

15 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында университет базасында химиялық гальваникалық қаптамалар шығаратын Chemical Coating innovations ғылыми-өндірістік орталығы ашылды.

Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен ғалымдары қатысты.

 

Жоба ҚР ҒЖБМ Ғылым қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асып отыр. Мұнда ғалымдар машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері үшін, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдары өңделіп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарумен айналысады.

Ашылу салтанатына жиналғандар алдымен өндірісті аралап, материалдық-техникалық базамен танысты. Жоба жетекшісі Алина Галиева қонақтарға ғылыми-өндірістік орталық туралы ақпарат беріп, кеңінен таныстырды.

Орталық жұмысымен танысқан вице-министр Дархан Ахмед-Заки ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеп,  отандық ғылымды дамытуда заманауи өндірістерді дамытудың маңызды екенін жеткізді.

Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев: «ҚазҰУ-да дайындалатын гальваникалық қаптамалар өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартады. Яғни бұл өндірушіге де, тұтынушыға да пайдалы. Бұл – тат басудан қорғаудың жаңа әрі тиімді әдісі. Сондай-ақ жаңа орталық  өндіріс технологі және операторы мамандарын даярлайды», – деп атап өтті.

«Бүгінде елімізде  электрохимиялық қаптамаларды жасау жұмысы қарқынды дамып жатыр деп айта алмаймыз. Мұндай ғылыми-өндірістік орталықтар іс жүзінде жоқ. Электрохимиялық қаптамалардың қасиеті мен құны өте тиімді және тәжірибеде берік болады. Қазіргі уақытта біздің орталықта мырыштау, никельмен қаптау және мыс өңдеу желілері орналасқан қойма бар.  Өндіріс жылына он мыңдаған шаршы метр қаптамалар алуға мүмкіндік береді», – дейді Chemical Coating innovations ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі Алина Галиева.

Сонымен қатар өз сөзінде Алина Галиева алдағы уақытта әртүрлі агрессивті ортадан қорғайтын қаптамаларды алу және қолдану технологияларын әзірлеу жоспарда бар екенін  атап өтті.

Жобаны іске асыру өнеркәсіп секторының нақты сұранысына негізделген. Теміржол саласының алпауыты саналатын француздық ALSTOM компаниясының технологиясы бойынша теміржол автоматикасын шығаратын машина жасау зауыты – «ҚазЭлектроПривод» БК ЖШС халықаралық стандарттарға сәйкес қапталатын қорғау қаптамаларын алу технологиялары мен қызметтерін қажет етті. Осы ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да электрохимиялық технологиялардың тұтас жүйесі әзірленген, олардың ішінде әртүрлі мақсаттағы электролиттік қаптамаларды алу технологиялары коммерцияландыруға ұсынылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі