ҚазҰУ-да ҚР сот жүйесінің дамуы талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы аясында Әл-Фараби кітапханасында Қазақстандағы сот жүйесін дамуы және құқықтық білімді жетілдіру жөнінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Қазақстандық сот жүйесі – қоғамның тұрақты дамуының негізі» тақырыбындағы жиын мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің және «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері, заң ғылымының докторы, профессор Мұсабек Әлімбековтің 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьялары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла, Алматы қаласы бойынша ҚР Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Ержан Қожахметов, мемлекет қайраткері Зағипа Балиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынбек Қоразбаев және Тұңғышбай Жаманқұлов, еліміздің жетекші ғалымдары, ҚР мемлекеттік органдарының және азаматтық қоғам өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы және Түлектер қауымдастығының төрағасы Қайрат Мәми ашып, Мұсабек Әлімбековтің еңбек жолына тоқталды. Өз сөзінде Қайрат Әбдіразақұлы Мұсабек Әлімбеков еліміздегі сот жүйесінің дамуына зор үлес қосқан тұлға екенін баса айтты.
Өз кезегінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев қатысушылар мен қонақтарды ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтап, университеттің барлық жетістіктері көптеген жылдар бойы ҚазҰУ мен ел игілігі үшін жұмыс істеп келе жатқан оқытушылар мен профессорлардың қажырлы еңбегімен байланысты екенін атап өтті. Солардың қатарында Мұсабек Әлімбековтің еңбегі ұшан-теңіз екенін жеткізді.
«Мұсабек Тұрғынбекұлы – ҚазҰУ-дың заң факультетінің түлегі. Еліміздегі сот жүйесі мен құқықтық білімнің тәжірибелі маманы, қайраткер тұлға. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында сот төрағасы болды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Еліміздегі құқықтық реформаларды іске асыруға, жаңа заңдардың қабылдануына үлес қосты. Мұсабек Әлімбековтің іргелі зерттеулері, тың әдістемелері қазіргі соттардың тәжірибесіне енгізілді. Минск қаласында ЕурАзЭҚ Халықаралық сотының төрағасы міндетін де жауапкершілікпен атқарды. Мұсабек Тұрғынбекұлы университетіміздің Қоғамдық-консультативтік кеңесінің мүшесі. ҚазҰУ профессоры ретінде ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, заң-құқық саласында мазмұнды еңбектер жазды. Көптеген ғылым кандидаттары мен РhD докторларға жетекшілік жасады. Шәкірттері заң-құқық саласы бойынша Қазақстанмен қатар, шет мемлекеттерде де жемісті еңбек етуде», – деді ректор.
Конференция барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапаққызы сөз сөйлеп, мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтады.
«Мұсабек Әлімбекұлын құрметті судья, сот жүйесінде көп тәжірибесі бар ардагер маман ретінде білеміз. Сіз көптеген білікті шәкірттер тәрбиеледіңіз. Сол шәкірттеріңіз бүгінде еліміздің заң саласында түрлі лауазымдарда аянбай еңбек етуде. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілей отырып, сізге зор денсаулық тілеймін», – деді депутат.
Мұсабек Әлімбеков алғашқылардың бірі болып судьялар мен соттарды мамандандыру қажеттілігі туралы ұсыныс жасады. Оның бастауымен сот жүйесін реформалау басталды. Ол судьялардың көмекшілер институтын нығайтты, сот ісін жүргізуді оңтайландырды. Мұсабек Тұрғынбекұлы ГТС неміс қорының қолдауымен аудио-бейне тіркеумен жабдықталған бірінші сот отырысы залын жабдықтады. Бұл тәжірибені бүкіл елге таратты.
Конференция қатысушылары атап өткендей, Мұсабек Тұрғынбекұлының ел, облыс, қала, аудан бөлінісінде пәндік және аумақтық бақылау бойынша судьялардың қызметін талдайтын «Талдамалық топ» органын құру идеясы аса қызықты. Кейіннен бұл судьялардың бірыңғай мемлекеттік мұрағатын және Қазақстан Республикасының сот актілерін мониторингілеудің бірыңғай орталығын құруға мүмкіндік берді. Мұсабек Әлімбеков – «Сот заң шығару және азаматтық-құқықтық нормаларды құқықтық іске асыру тетігінде қолдану», «Әлемдік жаһандану жүйесіндегі Еуразиялық интеграция: өзекті саяси-құқықтық аспектілер» іргелі монографияларының авторы.
Конференцияда ҚР Судьялар одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Сәкен Абдолла, Алматы қаласы бойынша ҚР Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Ержан Қожахметов, заң ғылымының докторы, профессорлар Дархан Нұрпейісов пен Анатолий Диденко, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бікебаев, Бремен университетінің профессоры (Германия), заң ғылымының докторы Рольф Книпер және т.б. сөз сөйледі.
Конференцияға қатысушылар соттардың адам құқықтарын қамтамасыз етудегі рөлі, адамның негізгі құқықтарын: өмір сүру құқығын, жеке басының бостандығына құқығын және қауіпсіздігіне құқығын қамтамасыз ету тәжірибесі сияқты мәселелерді қарастырып, талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі