ҚазҰУ мен Шыңжаң медициналық университеті бірлескен орталық құрады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Шыңжаң медициналық университеті жанындағы бірінші филиалдық ауруханасының директоры Лу Чен бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында меймандар университет басшылығымен кездесіп, ортақ мақсаттарды талқылады.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова қонақтарды зерттеу университетінің қызметімен таныстырып, оқу орнындағы медицина және денсаулық сақтау факультетінің жұмысына тоқталды.
Бүгінде ҚазҰУ-дың басым бағыты ғылымды дамытуға негізделген. Осы ретте ЖОО құрылымында 8 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми-зерттеу зертханасы, 29 ғылыми орталық, оның ішінде Дәрілік өсімдіктер орталығы жұмыс істейді.
ҚазҰУ-дың ҚХР жоғары оқу орындары, институттары және ұйымдарымен стратегиялық ынтымақтастық шеңберінде бүгінгі таңда 57 келісімге қол қойылған, сондай-ақ академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
2022/23 оқу жылында ҚХР жоғары оқу орындарына ҚазҰУ-дың 64 оқытушы-профессоры, 6 докторант, 2 магистрант және 6 бакалавриат студенттері іссапарға жіберілді. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚазҰУ-ға ҚХР-дан 2 профессор дәріс оқуға тартылды. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да Қытайдың 969 студенті білім алуда, оның ішінде 308 стипендиялық бағдарлама шеңберінде, 661 адам келісімшарт негізінде оқиды.
Қытайлық әріптестермен пікір алмасу барысында проректор ҚазҰУ-дың Шыңжаң медициналық университетімен ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Медицина және денсаулық сақтау факультетінің қызметі жайлы факультет деканы, медицина ғылымының докторы, профессор Раушан Исаева баяндап, қытайлық әріптестермен қазақстандықтардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуда интеграция мен инновацияларды енгізуге дайын екендігін жеткізді.
Бірінші филиал ауруханасының директоры Лу Чен нефрология саласындағы бірлескен мамандандырылған медициналық орталық құру туралы бастама көтерді. Ол сондай-ақ дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығы базасында өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнімдердің аз тонналық өндірісінің жұмысын ілгерілету үшін қажетті жабдықтармен жабдықтауға қолдау көрсетуге дайындығын жеткізді.
ҚазҰУ жанындағы Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңіс университет базасында бірлескен медициналық орталық құру идеясын қолдады.
Жүздесу барысында тараптар қос ЖОО қызметкерлері, оқытушыларымен тәжірибе алмасу, ОПҚ үшін біліктілікті арттыру курстарын, академиялық кездесулер мен симпозиумдарды ұйымдастыру сынды басқа да мәселелерді кеңінен талқыға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі