ҚазҰУ-дың Германия университеттерімен серіктестігі артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Шығыс Еуропа кеңесінің директоры Тобиас Стюдеманн бастаған Берлиндегі Еркін университетінің делегациясы арнайы жұмыс сапарымен келді.
Құрметті қонақтармен оқу ордасының Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова жүздесті. Тараптар серіктестікті арттыру бойынша өзара пікір алмасты.
Проректор ҚазҰУ-дың Германия ЖОО-ларымен байланысы артып келе жатқанын атап өтіп, білім ошағының қызметі мен жетістіктерін таныстырды. Сондай-ақ өз сөзінде Жәмила Айтжанова екі университет арасындағы қарым-қатынасты қарқынды дамыту қажет екенін жеткізді.
Ағымдағы оқу жылында ҚазҰУ-дың 40 оқытушысы ғылыми-зерттеу бағытында Германияға барған болса, ал 37 студент тағылымдамадан өтіп келді. Бүгінде университет Германияның 15 жоғары оқу орнымен қарым-қатынас орнатқан.
Өз кезегінде ілтипат білдіргені үшін Шығыс Еуропа кеңесінің директоры Тобиас Стюдеманн университет басшылығына ризашылығын білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, алдағы уақытта жүйелі жұмыс жасасуға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі