ҚазҰУ оқытушысы Корея қорының грантын жеңіп алды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Серікбаева Зарипа Асылбекқызы Корея қорының (Korea Foundation) грант иегері атанды.
Ең ірі Корея қоры (Korea Foundation) беретін грант шетелдік ғалымдар мен университет оқытушыларының ғылыми зерттеулері мен жобаларына қолдау көрсетуді көздейді. Осылайша грант иегері атанған ҚазҰУ ғалымы Сеул ұлттық университетінде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында Оңтүстік Корея астанасына барады. Ол корей тілін шет тілі ретінде оқыту тақырыбын терең зерттеп, аталған университеттің педагогика факультетінде 2024 жылдың 1 ақпаны мен 31 шілдесі аралығында тағылымдамадан өтеді. Корея қоры корейтануды насихаттауға бағытталған бірқатар бағдарламалар, семинарлар және түрлі жобалар шеңберінде ЖОО ғалымдары мен оқытушылардың зерттеу жұмыстарына қолғабыс етеді. Грант байқауына әлемнің түкпір-түкпірінен корейтану саласында зерттеу жүргізіп, корей тілін оқытумен айналысатын үміткерлер қатыса алады.
Грантты иелену ғылыми жұмыстар мен жобаларды жүзеге асырумен ғана шектелмейді, сонымен қатар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени әрі ғылыми байланыс алмасуға жол ашады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі