ҚазҰУ және Н.Огарев атындағы ММУ әріптестігі жалғасуда
Саранск қаласында (РФ) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің ғалымы және Н.П.Огарев атындағы ММУ «Білім интеграциясы» журналы басшыларының кездесуі өтті.
Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының оқытушысы, PhD Нұржан Сапарбаева Н.П.Огарев атындағы Мордовия мемлекеттік ғылыми-зерттеу университетінің «Білім интеграциясы» журналының бас редакторлары Светлана Гордина және Юлия Никоновамен ынтымақтастықтың нәтижелері мен алдағы жоспарларды талқылады.
ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті көптеген жылдар бойы Н.П.Огарев атындағы ММУ университетімен табысты жұмыс істеп келеді.
Н.Сапарбаева өз мақалаларында Н.П.Огарев атындағы ММУ-дың Ағылшын филологиясы кафедрасымен бірлескен жұмыстың нәтижелерін қамтыған. Нұржан Балтажанқызы 2-курс студенттеріне екінші шет тілі – қытай тілінен сабақ берді. Саранскіде ғалым Ухан қаласынан келген қытайлық студенттерге аптасына екі рет Speaking club өткізді. Кейін сабақтар онлайн форматта жалғасты. Жазда Нұржан Балтажанқызы тағы да Саранск қаласына барды. Күндізгі оқу курсынан кейін пән бойынша қорытынды емтихан өтті. Сондай-ақ «Қытай тілін шет тілі ретінде оқыту үрдістері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Ресейлік әріптестермен белсенді ынтымақтастық бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Осы жұмыс аясында Н.Сапарбаева Scopus мәліметтер базасына кіретін журналдарда бірнеше рет мақалалар жариялады. Атап айтқанда, Educational Migration from Kazakhstan to China; Reality and Prospects (Білім беру интеграциясы. Т. 23, №4, 2019, 504 С). Саранск қаласына іссапар кезінде Н.П.Огарев атындағы Мордовия мемлекеттік университетінің студенттеріне сабақ берді.
«Сапар аясында «Мәдениеттер диалогындағы шет тілдері» атты Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, «Мәдениеттер диалогындағы қытай тілі» тақырыбында баяндама жасадым. Менімен бірге келген ҚазҰУ-дың 2-курс магистранты Су Цзяин «Халықаралық аренадағы қытай тілінің рөлі» тақырыбында баяндама жасады», – деп атап өтті Нұржан Балтажанқызы.
Қазіргі уақытта оқытушы Саранск қаласында кезекті іссапарда, онда 1-3 курс студенттеріне күндізгі сабақтар жүргізеді. 5 наурызда Н.П.Огарев атындағы Мордовия мемлекеттік ғылыми-зерттеу университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері арасында халықаралық студенттік эссе байқауының 1-туры өткізіледі. Байқау жеңімпаздары 18 наурызда қытай тілінде онлайн режимінде өтетін байқаудың халықаралық турына қатысады. Нұржан Балтажанқызы әріптестерімен бірлесіп Scopus деректер базасына кіретін «Білім интеграциясы» журналына мақала дайындады.
Шығыстану факультеті бірнеше жылдан бері журналмен нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Журналда ҚазҰУ оқытушылары мен докторанттары бірнеше мазмұнды мақалалар жариялады. Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасы журнал редакторларына алғысын білдіріп, одан әрі ынтымақтастықты жалғастыратынына сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі