24 қаңтар 2024 жылы БҰҰ ТДМ 4 "Сапалы білім" мақсатының аясында Әл-Фараби ат.ҚазҰУ Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және кримналистика кафедрасының оқытушысы Мухамадиева Г.Н. және Тағайбек Қ.Т. студенттермен «Атау кере» туындысымен танысты. Шығармада ойыңды адастырып алатындай қым-қиғаш өрбіп жатқан оқиғалар желісі жоқ. Шығармадағы әр кейіпкердің ішкі әлемінің қатпар -қатпар қалтарысын назарынан қалт жібермеген жазушы не суреттесе де, қандай оқиға болса сол кейіпкерінің тұлғасын таныта түсуді мақсат етеді.
Романда Ерік бейнесі аса шеберлікпен сомдалған. Шығарманың басы бірден — ақ «ол» деп автор үшінші жақтан таныстыра баяндалатын Ерік образы арқылы басталады. Автор оның жылына бір-ақ рет туған ауылына қатынасса да сол ауылда оны ешкім сағына, сарғая тосып отырмағанын «қайбір екі туып бір қалғаны бар» дегейсің деген тіркеспен айтып салады. Міне, шығарма басындағы осы бір салқындықтың лебі аяғына дейін оқырманын ой сарсаңына түсіріп, ішін бір жылытпай — ақ қояды.