ҚазҰУ ғалымдары Шыңжаң медициналық университеті мамандарымен кездесті
Қытайға жұмыс сапары барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған ҚазҰУ делегациясы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медициналық университетіне барды.
ҚазҰУ делагациясын Қытай Халық Республикасының Білім вице-министрі Сунь Яо қарсы алды. Оқу ордасының ғалымдары Шыңжаң медициналық университетін аралап, қызметімен танысты.
ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Шыңжаң медициналық университетінің президенті Лу Ченмен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру мәселелерін талқылады.
Жансейіт Түймебаев Лу Ченге оқу ордасының жетістіктері мен бүгінгі қызметі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ҚазҰУ мен Қытай ЖОО-лары арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүкіл әлем бойынша университеттермен, институттармен, ұйымдармен, оның ішінде Қытай жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастықта. Бүгінгі таңда білім ордасы Қытайдың 57 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. ҚазҰУ-да қытайтанушы мамандарды даярлайтын Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институты табысты жұмыс істейді. ҚазҰУ ҚХР жоғары оқу орындарымен бірлесіп үш орталық ашты. Олар: Бейжің шет тілдер университеті жанындағы қазақстандық орталық, Шанхай университеті мен Бейжің тіл және мәдениет университетінде Қазақстан орталығы», – деді ректор.
Сонымен қатар жүздесуде Жансейіт Түймебаев ортақ аурухана және Шыңжаң медициналық университетінде ҚазҰУ-дың филиалын ашуды ұсынды.
Өз кезегінде Лу Чен арнайы жоғары оқу орнына келгені үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдіріп, ШМУ тарихы туралы айтып берді.
«Шыңжаң медициналық университеті – Үрімжі қаласында орналасқан әйгілі медициналық орталық. Біздің университет 1957 жылы құрылды. Қазіргі уақытта Шыңжаң медициналық университетінде 28 500 студент оқиды. Оқытушылар саны – 17 290, ал шетелдік студенттер саны 500-ден асады. Университет базасында 10-нан астам еншілес және 60-тан астам оқу ауруханалары бар, онда студенттер тәжірибеден өтеді», – деді Лу Чен.
Кездесу соңында ШМУ президенті ҚазҰУ-мен серіктестікті одан әрі жандандыруға ниетті екенін жеткізді.
Жүздесуден соң ҚазҰУ делегациясы ҚХР Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының қызметімен танысты. Онда ҚазҰУ мен Шыңжаң экология және география институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі