ҚазҰУ ирандық әріптестермен философиялық білім беруді дамытады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Иран Мобадтары қауымдастығының төрағасы Мехрабан Поладимен кездесу өтті.
Кездесуге философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, Дінтану және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева, Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек, сондай-ақ Иран Ислам Республикасы бас консулдығының атташесі Хоссейн Ағазаде қатысты.
Жүздесу барысында Тұран мен Иран мәдени байланыстарының тарихи терең тамырларын атап көрсеткен Бекжан Мейірбаев құрметті қонақты ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетімен, еліміздегі рухани келісім мен дін саласындағы ахуалмен, ғалымдардың философия және дінтану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарымен таныстырды. Қазақстанда тұрақты түрде өткізілетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің дүниежүзілік қоғамдастықта дінаралық және өркениетаралық диалогты тиімді жолға қою жолындағы зор үлесі жайында баяндады.
Өз кезегінде Мехрабан Полади факультет басшылығына алғыс білдіріп, екі ел мәдениетін байланыстыратын құндылықтардың маңызын атап өтіп, өзі жетекшілік ететін қауымдастықтың жұмысымен таныстырды.
Иран Ислам Республикасы бас консулдығының атташесі Хоссейн Ағазаде: «Сенім философиясын зерттеу және ҚазҰУ-да «Авеста» көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыру екі елдің мәдениет пен ғылым саласындағы ынтымақтастығын тереңдетуге үлес қосар еді», – деп өз ойын білдірді.
Тараптар философиялық білімді жетілдіру және өзара тиімді негізде екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі