ҚазҰУ-да Отырар тарихына арналған көшпелі көрме ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына орай, университет музейінде «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» атты көшпелі көрме ашылды.
Көрмені Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті, ҚазҰУ музейі мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы бірлесіп ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты – халқымыздың этнографиялық, рухани және мәдени мұрасымен, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туып-өскен ежелгі Отырар қаласының тарихынан сыр шертетін құнды археологиялық жәдігерлермен таныстыру.
Ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, «Отырар» мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығының көшпелі көрмесі жас ғалымдарымыз бен білім алушы жастарымыздың тарихи танымын кеңейтуге ықпал етеді. Университет еліміздегі музейлермен ынтымақтастық бағыттарын жан-жақты дамыта беретін болады», – деп атап өтті.
Шараға Археология және антропология институтының директоры Ғани Омаров, профессор Жақып Алтаев, тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақов, ҚазҰУ музейінің жетекшісі Ардақ Жабықпаева, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов бастаған делегация мүшелері қатысып, көрмеге қатысты өз ойларын ортаға салды.
Тарихи жәдігерлер көрмесін ҚазҰУ-дың Әл-Фараби орталығының және биология, палеолит музейлерінің қызметкерлері, ҚазҰУ-дың тарих, дайындық факультеттерінде оқитын Қытай, Моңголия, Өзбекстан мемлекеттерінен келген қандас студенттер тамашалады.
Іс-шара барысында «Отырар» музей-қорығының маманы Ерлан Әскерини келушілерді көрме жәдігерлерімен таныстырды. Көрмеде «Ұлы Жібек жолы және Отырар Х-ХІІ ғғ.», «Отырар Қарахан дәуірінде», «ХІV-ХV ғғ. Темір дәуіріндегі Отырар», «ХVІ-ХVІІІ ғғ. Отырар Қазақ хандығы тұсында», «Отырардағы жазба мәдениетінің пайда болуы» тақырыптары қамтылған.
Сондай-ақ көрмеде «Отырар» музей-қорығы жинағындағы археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, сирек кездесетін жәдігерлер, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар ұсынылды.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбындағы көрмесі ҚазҰУ музейінде бір айға жуық өтеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі