ҚазҰУ қытайлық әріптестермен үшжақты меморандумға қол қойды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен Қытайдың Сиань қаласындағы Солтүстік-батыс политехникалық университеті мен Қытай ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясының (CAICT) делегациясы келді. Сапар аясында құрметті қонақтардың ҚазҰУ басшылығымен кездесуі өтті.
Кездесуде 2023 жылғы 12 қазанда ҚазҰУ базасында ашылған Солтүстік-батыс политехникалық университеті (СБПУ) филиалының жұмысына және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығының басқа да бағыттарына байланысты мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде Солтүстік-батыс политехникалық университетінің вице-президенті Чжан Яннин 1938 жылдан бастап авиация, аэроғарыш және теңіз навигациясы саласындағы мамандарды даярлайтын мемлекеттік жоғары оқу орны қызметінің бағыттары туралы айтты. Ол сондай-ақ СБПУ филиалын дамыту және оның қызмет бағыттарын кеңейту мақсатында белсенді ынтымақтастыққа дайындығын жеткізді.
Кездесу нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Солтүстік-батыс политехникалық университеті (СБПУ) және Қытай ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясы (CAICT) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Үшжақты меморандум шеңберінде Big Data және жасанды интеллект технологиялары мен қосымшалары бойынша зерттеулер жүргізу; цифрлық технологияларды оқыту саласындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Сондай-ақ меморандум аясында ШЫҰ елдерінің үкіметтері, кәсіпорындары, ғылыми-зерттеу институттары мен өнеркәсіптік ұйымдары арасында байланыстарды ілгерілету және пікір алмасу үшін цифрлық салада жоғары деңгейдегі семинарларды бірлесіп ұйымдастыру және ШЫҰ елдерінің цифрлық жүйедегі ынтымақтастығын жандандыру және басқа да шараларды іске асыру жоспарлануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі