ҚазҰУ-да экономикалық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Экономикалық қауіпсіздік және кедендік реттеу мәселелері: тиімді шешімдерді іздеу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Білім ордасының 90 жылдығына арналған жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, ЖОО оқытушылары мен білім алушы жастар қатысты.
Конференция бейбіт, ашық және демократиялық қоғам құруға бағытталған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Жиында Қазақстандағы экономикалық қауіпсіздіктің құқықтық мәселелері, тұрақты дамуға көшу жағдайындағы салық заңнамасы, салықтық қызметті және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың экономикалық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі қызметі бойынша баяндамалар тыңдалып, ғалымдар аталған тақырыпта өзара пікір алмасты.
Конференция материалдары халықаралық стандарттық нөмір берілген электрондық жинаққа шығарылатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі