ҚазҰУ ректоры Шанхайда World Digital Education conference форумына қатысуда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Шанхай қаласында өтіп жатқан World Digital Education conference форумына қатысты. Ауқымды шарада ҚХР білім министрі Хуай Цзиньпэн, білікті ғалымдар, жоғары лауазымды тұлғалар және халықаралық ұйымдардың өкілдері мен елшілер бас қосты.
Форум аясында Қытайдағы білім беруді цифрландыру туралы шағын фильм (Shanghai Expo Centre) көрсетілді. Конференцияда ҚХР білім министрі, халықаралық ұйымдардың басшылары, университеттер ректорлары, цифрлық білім беру бойынша сарапшылар және т.б. баяндамалар жасады.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында университеттің цифрландыру тәжірибесіне, халықаралық ынтымақтастығы мен зерттеу бағыттарына тоқталды.
«Бүгінгі таңда университет БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға үлес қосып, білім беруді цифрлық трансформациялау арқылы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды жалғастыруда. Университет жасанды интеллектіні қолдана отырып, инновациялық шешімдерді шетелдік әріптестерімен бірлесіп әзірлеуге баса назар аударып келеді. Білім, ресурстар және тәжірибе алмасу үшін басқа университеттермен, компаниялармен, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен серіктестікті күшейту арқылы ұлттық және жаһандық деңгейде белсенді ынтымақтастық қажет. Сондай-ақ жоғары оқу орындары әлеуметтік жауапкершіліктерін арттырып, өз қызметінде тұрақты даму тәжірибесін енгізуі тиіс», – деді ҚазҰУ ректоры.
Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХР-дың 57 жоғары оқу орнымен, ғылыми ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта. ҚазҰУ-да 975 қытайлық студент білім алуда. Кампуста Жерді қашықтықтан зондтау орталығы жұмыс істейді. Жоба 2018 жылы ҚХР Ғылым академиясының Аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп іске қосылды. 2022 жылы ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (Сиань қ.) филиалы ашылды.
2024 жылдың 26 қаңтарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың Үрімжі қаласында тұңғыш рет ғылыми-инновациялық көрме өткізді. Қытай Халық Республикасы Білім министрлігінің шақыртуымен ұйымдастырылған шараға жергілікті 196 университеттің ректорлары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, 600-ден астам Қытай университеттерінің өкілдері, 40 ірі өндіріс корпорациясының басшылары мен екі елдің дипломатиялық корпусы, ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.
Шанхай қаласында өтіп жатқан халықаралық форум барысында Дүниежүзілік цифрлық білім беру альянсының инаугурациясы, Қытайдың зияткерлік білім беру платформасының халықаралық нұсқасын іске қосу рәсімі өтті, сондай-ақ Қытай мен басқа елдер арасындағы цифрлық білім беру саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы таныстырылды.
Халықаралық іс-шара аясында ҚазҰУ ректорының ҚХР жоғары оқу орындарымен бірқатар кездесулері жоспарланды, оның ішінде Шығыс Қытай педагогикалық университеті (ECNU) де бар. Форум жұмысы екі күнге жалғасып, оның аясында қатарлас сессиялар өткізіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі