ҚазҰУ-да экономиканы мемлекеттік реттеу мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да профессор, экономика ғылымының докторы Ержан Жатқанбаевтың 80 жылдығына арналған «Тұрақты экономиканың геоэкономикалық жағдайындағы мемлекеттік реттеу» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстанның белгілі ғалымдары мен практиктері, сондай-ақ Финляндия, Ресей және Өзбекстаннан келген халықаралық сарапшылар, оқытушылар, студенттер, магистранттар, докторанттар және т.б. қатысты.
Басқарма Төрағасы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова оқыды. Университет басшысы профессор Ержан Байғожаұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, белгілі ғалым-экономист, Қазақстан Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясы академигінің сіңірген еңбегін атап өтті. Ержан Байғожаұлы – аралас экономиканы қалыптастыру жөніндегі ғылыми мектептің және аралас экономика кезеңіндегі мемлекеттік реттеу теориясының негізін салушы белгілі ғалым. 300-ден астам ғылыми еңбек шығарды. Ғалымның жетекшілігімен 4 докторлық, 36 кандидаттық, 6 PhD ғылыми дәрежесін алу бойынша диссертация қорғалды.
Ғалым «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» грантының, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған», – делінген құттықтауда.
Іс-шара аясында Ержан Жатқанбаевты ғылымның дамуына және елдің білім алуына қосқан үлесі үшін ҚР ЖОО қауымдастығының орденімен марапаттау рәсімі өтті.
Дөңгелек үстел отырысында Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов, ҚР Конституциялық сотының мүшесі Айжан Жатқанбаева, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасы, профессор Сансызбай Жиентаев және т.б. баяндамалар жасады. Қатысушылар тұрақты экономиканың жаңа сын-қатерлері жағдайында экономиканы дамыту мен жаңғыртудың негізгі үрдістері контексінде мемлекеттік реттеудің бірқатар өзекті мәселелерін, сондай-ақ қазіргі жаһандық процестер контексінде мемлекеттік басқаруды дамытудың ұлттық мүдделерін талқылады.
Шара аясында профессор Ержан Байғожаұлы Жатқанбаевтың ғылыми еңбектерінің көрмесі өтті. Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің Менеджмент кафедрасы ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі