Студенттік оқырмандар клубы қайта жаңғырды

5 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасында студенттік әдеби-танымдық оқырмандар клубы қайта жаңғырды.  

«FARAB» бірлестігі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді. Сонымен қатар, әдеби кездесулер өткізіп, Қазақстан жазушыларының шығармашылығын, әлем әдебиеті классиктерін насихаттайды. Білім алушы студенттер арасында кітап сүйер орта қалыптастырып, жас ақындар мен әдебиет сыншыларына бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетеді.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Рухани жаңғыру орталығының директоры, жазушы Нұрғали Ораз: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген осы бір аталы сөз қай ғасырда, қай заманда болсын өз құнын жойған емес. Бүкіл адамзат тарихында көне дәуірлерден сақталып келе жатқан, бізге жеткен асыл мұралар, ақыл-ой, ғылым-білім қазыналары кітап арқылы игілігімізге асуда. Осы ретте ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында оқырмандар клубының жандануы студент жастардың кітапхананың бай кітап қорындағы көркем әдебиетпен танысуларына берілген мол мүмкіндік», – деді.

«Оқырмандар клубының жұмыс істей бастағанына өте қуаныштымын. Себебі өз басым сүйікті авторларымды іздеп жүріп оқимын. Әртүрлі көркем әдебиеттерді оқыған сайын санам серпіліп, рухани дами түсетінімді сезінемін. Енді осы сезімімді қатарластарыммен бөлісіп, қызықты кітаптарды бірге талдайтын боламыз», – деді филология факультетінің студенті Арайлым Зеберхан.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі