ҚазҰУ-да «Есік» музей-қорығының көрмесі ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған «Ғасырлар қойнауында» көрмесінің ашылуы өтті.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова бастаған делегация, университеттің тарих факультеті, профессор-оқытушылар құрамы, тарихшы-ғалымдар, білім алушы жастар қатысты.
ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына арналған көрменің мақсаты – қазақ халқының археологиялық, этнографиялық, рухани және мәдени мұралары және «Алтын адамның» тарихына қатысты құнды археологиялық жәдігерлермен таныстыру.
Тарихи көрменің ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ғылыми бағытта тығыз ынтымақтастықта бірлесіп жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтті.
«1970 жылы «Алтын адамды» тапқан археологтер – университет түлектері Кемел Ақышев пен Бекен Нұрмағамбетов және сол кездегі 3-курс студенті Әлішер Ақышев. Осы оқиғадан кейін университетте Археология және этнография кафедрасы ашылып, бүкіл Қазақстан бойынша археологтерді даярлау жолға қойылды. Бұл еліміздегі археология саласын жаңа деңгейге көтерді.
Есік өңірін қазақстандық ғалымдармен қатар, шетел ғалымдары да жан-жақты зерттеп келеді. Соңғы 50 жылда жүздеген артефакті табылып, ғылыми айналымға енгізілді. Бүгін «Есік» музей-қорығы ҚазҰУ-ға кейбір құнды жәдігерлерін көрмеге арнайы алып келді. Музей-қорық басшылығы мен қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін», – деп атап өтті университет проректоры.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова – ҚазҰУ түлегі. Ол университет ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, ғылым мен білім саласының дамуына сәттілік тілеп, Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.
Көрме экспозициясында «Алтын адамның» күміс тостағаны және ерте темір дәуіріндегі сақ-үйсін мәдениетіне тән ерекше қыш ыдыстар, қазан, Қазақстан аумағында табылған көне зергерлік бұйымдар, қару-жарақ және басқа да құнды жәдігерлер қойылған.
ҚазҰУ мұражайындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының көрмесі 2024 жылдың 5 ақпанынан 7 наурыз аралығына дейін жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі