ҚазҰУ ғалымдары улы заттарды анықтауға арналған қондырғы құрастырып шығарды

6 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары вакуумдық сынама алу қондырғысын құрастырып шығарды. Құрылғы су үлгілерін алуға және судағы органикалық ластағыштарды анықтауға арналған.

Ғылыми жобаның жетекшісі Бағдат Сатыбалдиевтің айтуынша, қондырғы энергия көздеріне тәуелді емес, сондай-ақ шөлді аймақтарда қолдануға өте ыңғайлы.

«Қазақстанда бұл алғаш рет. Аталған қондырғы 300-ге жуық сынама алуға мүмкіндік береді. Германия, АҚШ және басқа мемлекеттерде бұл қондырғының аналогтары бар. Бірақ олар электр тогы арқылы жұмыс істейді. Ал біздің өнім энергия қуатынсыз және табиғи аймақтарға қарамастан, жұмыс істей береді. Бұл су сынамаларын алу жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді», – деді ҚазҰУ ғалымы.

 

Аталған қондырғыны оқу ордасының ғалымдары Сырдариядағы су сапасын зерттеуге және анықтау жұмыстарына қолданған. Нәтижесінде өзен суының құрамынан хлорорганикалық пестицидтер, фунгицидтер және гербицидтер анықталған.

Бүгінгі таңда инновациялық жобаға патент алу жұмыстары жүріп жатыр. Сынама алудың прототипі АҚШ-та сыналуда. Тестілеуден сәтті өткеннен кейін университет ғалымдары жобаны коммерцияландыру мақсатында қондырғыны нарыққа шығаруды көздеп отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі