ҚАЗҰУ Сукмёң әйелдер университетімен ынтымақтастықты кеңейтуде

6 ақпан, 2024

5 жыл бойы Қиыр Шығыс кафедрасы Сукмёң қыздар университетімен ынтымақтастығын жалғастырып, бакалавриат бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыруда.  Осы уақыт аралығында біздің университетпен бірнеше бірлескен жобалар қолға алынып, орындалуда. Соның бірі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша әр семестр сайын Шығыстану факультеті, корейтану бөлімінің 2-3 студенті Сукмёң қыздар университетінің  шәкіртақысымен  білім алып келеді. Өз кезегінде Сукмёң университетінің студенттері ҚазҰУ-дың дайындық факультетінде қазақ тілін немесе орыс тілін үйреніп, тілдік тағылымдамадан өте алады. Сонымен қоса өткен оқу жылы кафедрамыздың бірқатар корей тілі оқытушылары Korea Foundation қорының қолдауы аясында Сукмёң қыздар университетінің ұйымдастыруымен өткен онлайн біліктілікті арттыру бағдарламасын сәтті тәмамдаған болатын. Қазіргі таңда Қиыр Шығыс кафедрасы Сукмёң қыздар университетімен бірлесіп, корей тілі курстарын 1-2 курс студенттерінің қатысуымен  онлайн режимде өткізуде.

Биылғы көктемгі семестрде корейтану бөлімінің студенттері кафедра аясында корей тілінде сөйлеу дағдыларын  арттыру, осы уақытқа дейін жинаған білімдерін практика жүзінде кеңінен қолдану сияқты  бірқатар мүмкіндіктерге ие болды. Атап айтсақ, Сукмёң қыздар университетінің практиканты Ем Хивон  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасында ақпанның 5-і мен 20-ы аралығында педагогикалық тағылымдамадан өтеді.

Бұл тағылымдаманың негізгі мақсаты жергілікті корей тілі оқытушыларымен бірлесіп, жаңа форматта сабақ өткізу;  корей тілін оқыту әдістері бойынша тәжірибе алмасу болып табылады. Шет тілін, әсіресе, шығыс тілін үйрену барысында осылай тіл иелерінің Қазақстанға келіп, дәріс беруі, тіл үйрену процессіне интеграциялануы студенттердің шығыс елінің мәдениетімен етене танысып, жаңа қырынан танылуына көп септігін тигізеді. Өз кезегінде оқытушылар да өзара тәжірибе алмасып, дәріс берудің басқа да формаларын қолдануына оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Сермухаметова Багжан Бейбитовнаа

Қиыр Шығыс кафедрасының

аға оқытушысы