ҚазҰУ-да «Биология мен медицинадағы нанотехнология» тақырыбында симпозиум өтті

6 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 90 жылдығына және биология ғылымының докторы, профессор Анатолий Иващенконың 80 жылдық мерейтойына арналған «Биология мен медицинадағы нанотехнология» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті.

Симпозиумның мақсаты – ғылыми қауымдастықты нанотехнологияларды дамытуға жұмылдыру, еліміздегі ғылым мен өндірісті жетілдіру бағыттарын саралау.

Шараның ашылуында  Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ұжым атынан биология ғылымының докторы, профессор Анатолий Иващенконы 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, көрнекті ғалымның білім мен ғылым саласындағы елеулі еңбегін атап өтті.

«Бүгінде ғылыми-техникалық міндеттерді шешуде  нанотехнологияларды дамытудың маңызы зор. Нанотехнологиялардың көмегімен кез келген материалға түбегейлі жаңа қасиеттер беруге және қоғам қызметінің барлық салаларында ілгерілеуді қамтамасыз етуге болады», – деп атап өтті проректор.

Симпозиум барысында Ректор кеңесшісі, заң ғылымының докторы Еркін Дүйсенов,  Жану проблемалары институтының директоры, академик Зұлхайыр Мансұров, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының директоры, академик Қабыл Жамбакин, М.А.Айтхожина атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтының директоры, профессор Камалидин Шәріпов сөз алып, мерейтой иесін құттықтады. 

Сондай-ақ ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрзада Бейсен «Биология мен медицинада наноматериалдарды синтездеу және қолдану» тақырыбында баяндама жасады. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы Молекулалық вирусология зертханасының жетекшісі, биология ғылымының кандидаты Павел Алексюк «Физика және нанотехнология» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды.

Ғылыми басқосуға белгілі ғалымдар, академиктер, оқытушылар мен студенттер қатысты.  Симпозиум материалдары электронды жинаққа топтастырылып, farabi.university.kz. сайтында жарияланатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі