ҚазҰУ Оңтүстік Кореямен медицина саласы бойынша серіктестікті арттырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Кореядағы Хендэ ауруханасының бас директоры Ким Бу Соппен кездесті.
Кездесуде университет ректоры құрметті қонаққа ҚазҰУ-дың жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтып, ынтымақтастықты арттыруға бағытталған ұсыныстарын жеткізді.
«Қазіргі таңда ҚазҰУ мен Оңтүстік Корея ЖОО-лары арасындағы серіктестік қарқынды дамып келе жатыр. Біз байланысты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі жүзеге асуда. Жоспар бойынша қалашықта емхана салынады. Медициналық орталықта поликлиника, медицина және денсаулық сақтау факультеті орналасады. Осы тұрғыда аталған ғимаратта Хендэ ауруханасымен бірлесіп медициналық орталық ашуды ұсынамын», – деді ректор.
Өз кезегінде құрметті қонақ жылы қабылдағаны үшін университет ректорына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде Ким Бу Соп аталған бастамаларды қолдайтынын айтып, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«Оңтүстік Корея медицина саласы бойынша әлемде үздік үштікке кіреді. Қазіргі таңда мемлекетіміз медицинаны одан әрі дамыту үшін аянбай еңбек етуде. Хендэ ауруханасында білікті профессорлар мен ғалымдар жұмыс істейді. Біздің мақсат – Оңтүстік Кореядағы Топ-10 аурухананың қатарына қосылу. Біз ҚазҰУ-мен қарым-қатынасты дамытуға әрқашан дайынбыз. Болашақта бірлесіп ғылыми конференциялар, симпозиумдар, кездесулер өткізу қажет деп санаймын», – деді Ким Бу Соп.
Жүздесуде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев пен Хендэ ауруханасының бас директоры Ким Бу Соп медицина бағыты бойынша өзара түсінік туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар кездесуде аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі