Шығыс елдерінің жаңа жылы

10 ақпан, 2024

2024 жылы 9 ақпан күні жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесінің келуіне орай «Шығыс елдерінің жаңа жылы!» атты тақырыпта ашық кураторлық тәрбиелік іс-шарасы өтті.

Мерекелік іс-шараны шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының Қытай, Корея, Жапония, Филипин, Канада, Түркия және басқа да елдерден келген 11, 13, 14 топтарында оқитын шетелдік студенттері кураторлары Р.С. Туребекова, К.С. Якубаева, А.Е. Саденовалармен бірге өткізді. Шара барысында шетелдік студенттер оқытушылардан шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды атап өту салттары мен жолдары туралы, сонымен бірге әр елдің жаңа жылды мерекелеу дәстүрлері және тарихы, түрлі көріністері жайлы мәліметтер алды.

Қытай Халық Республикасынан келген студенттер Қытайда «Чуньцзе» немесе көктем мерекесі - қытайлықтар үшін қасиетті мейрам екені туралы, жаңа жылды тойлау дәстүрлері туралы, жыл бойы демалыссыз жұмыс істейтін еңбекқор халық Шығыс жаңа жылын 40 күнге дейін тойлайтыны туралы, бүкіл Қытай қызыл реңге бөленіп, жын-шайтандарды шошыту үшін күні-түні от шашатыны туралы айтып, өз ойларын ортаға салып, қызу талқылады. Сонымен қатар, қытай тілінде өлең оқып, ән салды.

Кореядан келген студенттер Оңтүстік Кореяда жаңа жылды мерекелеу дәстүрлері туралы, жаңа жылда отбасы мүшелері бәрі бірге жиналып үлкендерге сәлем беру ерекше саналатын дәстүрі туралы, арнайы жаңа жылдық ұлттық тағамнан дәм тату туралы сөз етті. Сондай-ақ, корей тілінде ән айтып, би биледі.

Одан кейін оқытушылар сөз алып, жаңа жыл – ел үшін жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, сонымен қатар, бұл мерекенің негізгі мағынасы мен маңызы көптеген халықтар үшін ортақ болып табылатынын, бұл жаңалықтың, жаңа бастау мен жаңарудың күні екенін айтып өтті.

Шетелдік студенттер бейне таспа арқылы шығыс елдерінің жаңа жылды қарсы алу дәстүрлерімен таныса отырып, шығыс елдерінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, әдеби көріністі де тамашалады.

«Шығыс елдерінің жаңа жылы!» атты іс-шара шетелдік студенттердің өздерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.