Жұмыс берушілер мен университет арасында байланыс орнату, ынтымақтастық саясаты қашанда өзекті. Сонымен қатар, қазіргі таңда мектеп пен ЖОО арасындағы қарым-қатынас орнату да, сапалы білім беру, жастарға мамандық таңдауда ықпалы зор екені ақиқат. Соның ішінде университет тарапынан ғана емес, мектеп тарапынан да қызығушылық өте маңызды.
Осындай мектеп пен университет арасындағы ынтамақтастықтың бастауы ретінде, Желтоқсан айында, Шымкент қаласында орналасқан «Абадан» мектебіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары Боранқұлова С.К., Нурелова А.М. кәсіби бағыт-бағдар мақсатында іс-сапарға барды. «Абадан» мектебі Шымкент қаласындағы жапон мектептерінің оқыту жүйесін өз мектептеріне енгізген мектеп болып табылады. Жапон тіліне, Жапонияға қызығушылық танытқан оқушыларға жапон тілі факультатив ретінде оқытылады.
Жапонтану бөлімінің оқытушылары мектеп оқушыларын, мұғалімдерін, әкімшілігін Шығыстану факультетінің, соның ішінде Қиыр Шығыс кафедрасының тарихымен, қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Соның ішінде жапон тілі, жапон мәдениетіне аса қызығушылық танытқан оқушылар Жапония елі туралы мағлұмат алып, Жапонияның ұлттық киімі кимононың кию үлгісімен танысты.