ҚазҰУ-да қоғамның тұрақты даму мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Корпоративтік, экологиялық және әлеуметтік жауапкершілік призмасы арқылы тұрақты даму: бүгін және ертең» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Экономика және бизнес жоғары мектебінің Менеджмент кафедрасы серіктестермен бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел тәжірибе алмасуға, корпоративтік жауапкершілік саласындағы үздік тәжірибелерді, экологиялық және әлеуметтік бағдарламалардың бизнес пен қоғамға берген әсерін талқылауға, сондай-ақ елдердің тұрақты дамуын жақсарту стратегияларын қалыптастыруға бағытталды.
Жиынға АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Финляндия мен Ресейдің халықаралық сарапшылары, ҚазҰУ басшылығы мен профессор-оқытушылары және университет білім алушылары қатысты.
Шараның ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор, э.ғ.д., профессор Жәмила Айтжанова: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұрақты даму мәселелерімен белсенді айналысып келеді. Бұл бағытта университет білікті мамандармен, тәжірибелі ғалымдармен, оның ішінде Нобель лауреаттарымен бірлескен жобаларды іске асыруда», – деп атап өтті.
ҚазҰУ тұрақтылық саласындағы жұмысы бойынша өзінің жол картасын жасады және посткеңестік кеңістікте БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарламасының алғашқы мүшесі ретінде қабылданған университет атанды. БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтері ҚазҰУ-ға БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі Академиялық ықпал ету бағдарламасының (UNAI) жаһандық хабы мәртебесін берді. Арнайы курстан кейін университет халықаралық сарапшылардың қатысуымен ірі халықаралық іс-шаралар ұйымдастырады. Олар жоғары білім мен ғылым саласындағы мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасады.
Отырыста ЭБЖМ деканы, профессор Лейла Бимендиева, Менеджмент кафедрасының профессоры Айнагүл Адамбекова, Менеджмент кафедрасының меңгерушісі Гүлжихан Смағұлова, Caspian University ЭБЖМ деканы, профессор Нәзігүл Амангелді, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі Ажар Нұрмағанбетова және т.б. сөз алып, баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі